Қазақстан Жоғары мектебінің Ғылым академиясы цифрлық трансформация жағдайындағы даму басымдықтарын айқындады.

2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Жоғары мектебінің Ғылым академиясының (ЖМ ҒА) кезекті сессиясы өтті. Сессия Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Академия қызметінің негізгі бағыттарын айқындауға арналды.

Сессия жұмысына ЖМ ҒА Президиумының төрағасы академик Досым Сүлеев, ЖМ ҒА Президенті академик Ғалым Мұтанов, Президиум мүшелері, Академияның 60-тан астам академигі мен корреспондент-мүшесі, оның ішінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 10 ректоры қатысты. Отырыс Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті базасында аралас форматта өтті.

Қазақстан Жоғары мектебінің Ғылым академиясы университет ректоры Мейрам Бегентаевқа және оқу орнының ұжымына сессияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және өткізуге жәрдемдескені үшін шынайы алғысын білдіреді.

Негізгі баяндаманы ЖМ ҒА Президенті академик Ғалым Мұтанов жасады. Ол өз сөзінде бұрын қойылған міндеттердің орындалу қорытындыларын шығарып, Академияның негізгі жетістіктерін таныстырды және алдағы кезеңдегі қызметінің басым бағыттарын белгіледі. Академия ғалымдары әзірлеген заманауи IT-технологиялар мен цифрлық шешімдерді жоғары білім және ғылым жүйесіне енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысы бойынша сессияға қатысушылар ЖМ ҒА жұмысының нәтижелерін оң бағалап, Академияның жоғары білімді озыңқы дамытуға, сапаны қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге және Орталық Азияның бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыруға адалдығын растады.

Сессияның маңызды шешімдерінің бірі — Орталық Азия елдерінің қоғамдық-кәсіби ұйымдары жоғары білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы жетекші еуропалық ұйымдармен — ENAEE, ENQA және EQAR-мен бірлесіп жасасқан Алматы келісімінің ережелерін іске асыруды қолдау болды. Қатысушылар Орталық Азия білім сапасын қамтамасыз ету федерациясын (ЦАФ) одан әрі дамыту және оның жанынан аккредиттелген білім беру бағдарламаларының Орталық Азиялық тізілімін — білім сапасының өңірлік тізілімін қалыптастыру қажеттігін растады. Бұл тізілім білім сапасын өзара мойындаудың және академиялық ұтқырлықты кеңейтудің маңызды құралына айналады.

Академия Жарғысына сәйкес сессияда ЖМ ҒА жаңа толық мүшелерін (академиктерін) және корреспондент-мүшелерін сайлау да өтті. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Академия Президиумы 15 кандидаттың ішінен корреспондент-мүшелер қатарынан 11 жаңа академикті бекітіп, 25 кандидаттың ішінен 15 жаңа корреспондент-мүшені сайлады.

Тағы бір елеулі оқиға — «Қазақстан Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын беру конкурсының қорытындысын шығару болды. Конкурсқа еліміздің жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының 32 өкілі қатысты. Дауыс беру нәтижелері бойынша ЖМ ҒА Президиумы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан 17 лауреатты бекітті.

Сессия жұмысының қорытындысы бойынша Академияның алдағы кезеңдегі стратегиялық міндеттерін айқындаған Резолюция қабылданды. Қабылданған шешімдерді іске асыру Мемлекет басшысы ғылым, жоғары білім және елдің цифрлық трансформациясы саласында қойған міндеттерді табысты орындау үшін университеттердің, ғылыми ұйымдардың және қоғамдық-кәсіби қауымдастықтың әлеуетін шоғырландыруға ықпал ететін болады.